БАҚ Орталық туралы

Спорт кешендері қолжетімді болуы тиіс

09.06.2020

Коронавирус пандемиясына байланысты екі айға жуық карантинде жатқан отандастарымыз мамыр айының ортасынан бастап санитарлық талаптарды сақтап, үйлерінен шыға бастады. Қала тұрғындарының басым бөлігі саябақтарда бой жазып, бұқаралық спортпен шұғылданып жатыр. Ендігі бір топ еліміздегі спорт кешендерінің ашылғанын күтіп жүр.

Әзірше үкімет спорттық іс-шараларды өткізуге, жабық кешенде жаттығу жұмыстарын жасауға рұқсат берген жоқ. Егер спорт ғимараттары ашылар болса, тұрғындардың спорт кешендеріне ағылатыны рас. Сондықтан да елде спорт залдарына деген сұраныс артады. Өңірлердегі спорт ғимараттарын айтпағанның өзінде елордадағы кешендер қаншалықты талап­қа сай? Спортпен шұғыл­да­намын деген әрбір астаналық тұрғынға қолжетімді ме?

Жалпы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өздерінің әр Жолдауында үнемі бұқаралық спортты дамыту керектігін баса айтып, осы салаға жауап­ты министр­лікке, қала, облыс әкім­деріне нақты тапсырмалар беріп келеді. Мәселен, Қасым-Жомарт Кемелұлы 2019 жыл­дың 2 қыркүйегіндегі «Сын­дар­лы қоғамдық диалог – Қазақ­станның тұрақтылығы мен өр­кен­деуінің негізі» атты Жол­дау­ында елімізде бұқаралық спортты дамытуға байланысты кешенді бағдарлама қабылдау керектігін жеткізді. «Ұлт ден­сау­лығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санат­тары арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфра­құрылымның барынша қол­жетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамы­ту – пирамидаға айналуы тиіс. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлт­ты қалыптастырамыз. Бұл ба­ғыт­ты заңнамалық тұрғыда жалғас­тырып, бұқаралық спортты дамытуда кешенді бағдарлама қа­был­дау керек», деді Мемлекет бас­шысы Қазақстан халқына Жол­дауында.

Осы мақсатта елордамызда жыл сайын әртүрлі спорт алаңдары салынып, тұрғындар игілі­гіне берілуде. Сонымен қатар са­ламатты өмір салтын насихат­тау мақсатында, жастарды спортқа баулу үшін елордада көп­шілікке арналған сайыстар мен спорттық фестивальдар жиі өткізіліп тұрады. Бүгінде бас қалада ересектерге де, бала­ларға да спортпен шұғылдануға арналған ірілі-ұсақты 600-ден астам спорт нысаны жұмыс істеп тұр.

Соның бірі – «Астана» спорт кешені. Бұл спорт нысаны қала тұрғындарына бассейн мен жаттығу залын ұсынады. Со­нымен қатар балалар скалодром, футбол және баскетбол мен волейбол үйірмелеріне жазылып, үлкендер жағы ойын алаңдарын жалға алып, жаттығуларына болады. Спорттық секциялардан кикбоксинг, каратэ, бокс және тағы басқа үйірмелер жұмыс істейді.

Спорт кешенінде жаттығу мен бассейн залы бар. Балалар үшін жаттығу залына жазылу айына орта есеппен 4500 теңге болса, ересектер үшін 8 500 теңге. Жүзу бассейнінде балалар топпен жаттықса айына 13 000 теңге, ал жекелей жат­тық­са 18 000 теңге төлейді. Үлкен­дер үшін топпен жаттығу 18 000 тең­ге, жекелей жаттығу үшін 20 000 теңге.

2011 жылы пайдалануға бе­ріл­­ген республикалық «Сары­арқа» велотрегі – велошабандоз шлемі түрінде жасалған, ерекше спорт ғимараты, әлемдегі ең үздік спорт кешендерінің бірі ре­тінде танылған. Велотректің ішіне жаттығу залы, трек, мұз сыр­ға­­нағы, таэквондо, гимнасти­ка, ойын залы және шағын футбол алаң­дары кіреді. Жаттығу залына 5 жасқа дейінгі балаларға кіру тегін. Ал мектеп оқушыларына, студенттерге және зейнеткерлерге бір жолғы келуге 50 пайыз же­ңілдік қарастырылған.

 «Сарыарқа» кешенінде бас­сей­інг­е тү­су үшін ересектерге арналған топ­тық сабақ 18 000 теңге (аптасына 3 рет), ал бала­лар­ға арналғаны 15 000 теңге (аптасына 3 рет). Сондай-ақ осы ба­ғаға жаттығу залына да кіре аласыз. Ве­лоспорт және беговел секцияларына жа­зылудың бір реттік құны – 2 000 теңге болса, топпен жаттығу айына 22 мың тең­геге дейін. Таэквондо спортын жеке үй­ренемін дегендерге – 25 000 теңге (12 сабақ), топпен жаттығамын дегендерге – 10 000 теңге (аптасына 3 рет). Сонымен қатар 4-5 жастағы қыздар көркем гимнас­ти­камен де айналыса алады.

«Алау» мұзайдыны Нұр-Сұлтан тұрғындары жаз ме­з­гі­лін­де де спортпен шұғыл­да­ну үшін орталық ашқан. Мұзай­дын сарайы қысқы уақытта спорт- сүйер қауымға мынадай қызмет түрлерін ұсынады: конькимен сырғанау (хоккей алаңы), роликпен сырғанау (400 метрлік конькимен жүгіру жолы), ал жазда батут, үстел теннисі, бадминтон, бильярд және шағын гольф. Бір күндік толық билеттің бағасы – 1000 теңге, ал жеңілдік билеті – 500 теңге. Сонымен қатар 7 жасқа дейінгі балаларға, I және II топ мүгедектері, көп балалы отбасынан шыққан, кәмелетке толмаған балалар және балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне кешенге кіру тегін. Оқытушылар, студенттерге жеңілдік билеті қарастырылған.

Қажымұқан Мұңайтпасов атын­­д­ағы стадионның есігі жаз мау­­­­сымында жеңіл атлетика мен футболға әуес жан­дар­ға әрда­йым ашық. Кез келген қала тұр­ғыны жеңіл атлетика және фут­болмен тегін айналыса алады. Қ.Мұңайт­пасов атындағы орта­лық ста­дио­нда халықаралық стан­дарт­қа сәйкес (105х68м) табиғи көгалды футбол алаңы бар және ол 12 250 орынды три­­бунамен жабдықталған. Фут­бол­дан бас­қа, стадионда 400 метрлік жүгіру жолы, ұзын­дық­қа, биіктікке секіретін арнайы орындар бар.

Ішкі істер министрлігіне қарайтын «Алатау» спорт кешені қала тұр­ғын­да­ры­на олимпиялық бассейн, жүгіру жолы, екі шағын футбол, волейбол алаңы, бір­не­ше жекпе-жек спорт түрлері, жат­ты­ғу залын және бірқатар би үйірмелері қыз­метін ұсынады. Мәселен, бір сағат бас­сейнге түсу үшін ересектерге – 1 200, 15 жасқа дейінгі балаларға – 650 және сту­денттерге – 800 теңге. Ал жаттығу залына кірудің бір реттік жүгіру жолағын қоса есептегенде құны (2 сағат) ересектерге – 1 250, 16 жасқа дейінгілерге – 800 және студенттерге – 900 теңге. Сонымен қатар 1 сағат үстел теннисімен шұғылданғыңыз келсе – 950 теңге, бір сағатқа футбол алаңын күндізгі уақытта жалдағыңыз келсе – 20 000, кешкі уақытқа 25 000 теңгеңіз болуы керек. Ал волейбол алаңына күндіз 15 мың, кешкі уақытқа 17 мың теңге төлейсіз.

«Дәулет» спорт кешенінде үл­кен теннистен дәрістер жүргі­зі­леді. Бү­гін­де еліміздегі ең үл­кен теннис ор­та­­­лығында балалар жекелей және топ бо­лып жаттығады. Бұл жерде тен­нис­тің әліппесін үйретуден бастап, түр­лі жарыстарға дайындап шығарады. Сондай-ақ қала тұрғындары қа­ла­ған уақытында кортты жалға ала алады.

Спорт кешендері үшін стандартты жүзу, фитнес, дзюдо, айкидо, джиу-джитсу, өзін өзі қорғау сияқты спорт түрлерімен «Қазақстан» спорт сарайында айналысуға болады. Жүзу үйір­ме­­сіне бір ай қатысу үшін мектеп жа­сын­дағы балалар мен студенттерге 5000 теңге, ал үлкен­дер­ге 10 000 теңге көле­мінде ақы бел­гіленген. Бұлшық еті­ңізді да­мытып, денеңіздің сымбатты болуын қаласаңыз және әде­мі бей­не­леуші қозғалыстар үй­рен­гіңіз кел­се фитнес студиясына жазылуға болады. Бағасы – 7 мың теңге. Балаларды би топтарына қабылдау 4, 5 жас­тан жүр­гі­зіледі. Би үйірмесінен шығыс, әлем халықтарының, балалар, клубтық билер, стрип пластика, BreakDance, йога, шоу балет (салтанатты кештерде билеу) биін үйрене алады. Айлық бағасы 10 000 теңге шамасында. «Қазақстан» спорт кешені бүгінде елорданың спорттық және қоғамдық өмірінде маңызды рөл ат­қарады. Деген­мен, қазіргі таңда атал­ған спорт кешенінде реконструкция жүр­гі­зіліп жатыр.

Сондай-ақ су спорты түр­ле­ріне әуес жан­дар жүзу, суға се­кі­ру, академиялық есу, байдарка мен каноэ есу, желкенді спортқа мамандандырылған «Тол­қын» спорт мектебіне баруына болады. Бірақ қазіргі уа­қыт­та бұл спорт кешенінде де ау­қымды реконструкция жүргізу жос­пар­ланған.

Міне, елорда тұрғындары спорт­шы­лар мен халық игілігі үшін салынған спорттық ғима­рат­тарды өз игіліктері үшін осылайша пайдалана алады. Сондай-ақ қазіргі таңда Нұр-Сұлтандағы әр тұрғын үй кешенінің ауласында спорт алаң­қайлары бар. Елордада саламатты өмір салтын ұстанамын деген жанға барлық жағдай жасалған, тек өзіңізде ынта мен жігер болсын! 

Әли БИТӨРЕ.www.egemen.kz.

Бөлісу: