БАҚ Орталық туралы

Спорт саласына оңтайландыру жүргізіледі

10.09.2020

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі" атты Жолдауында, еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын сақтау жолында нақты атқарылатын іс-шараларды анықтап, бұл бағытта Ұлт жоспарын және Бес институционалдық реформаны негізгі бағдар ретінде ұстануымыз қажет деді. Бұл өзгеріс еліміздің экономикалық һәм мәдени дамуына әсер етері анық. Бұдан спорт саласы да тыс қалмайды.  Осы орайда, Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Серік Жарасбаевтан қазіргі таңда спорт саласын қандай өзгерістер күтіп тұрғаны жайлы айтып беруін өтінген едік, деп хабарлайды Egemen.kz.

–  Серік Маратұлы, бүгінгі күні әлемді алаңдатып отырған пандемия қазақ спортына қалай әсере  етуде және аталмыш саланы алда қандай өзгерістер күтіп тұр?

 – Әрине пандемия әлемдік экономиканың барлық саласына салқынын тигізді. Коронавирустық инфекцияның алдын алу мақсатында Халықаралық Олимпиада Комитеті, Жапония үкіметі және Токио-2020 ұйымдастыру Комитетінің бірлескен шешімімен Олимпиада ойындары келесі жылға шегерілді. Сонымен қатар, бірнеше халықаралық жарыстар өткізілмей қалды.

Қазіргі кезде алдымызда тұрған ең басты мәселе – бұқаралық спортты дамыту қажеттілігі туып тұр. Біздің министрлік Мемлекет басшысының Жолдауда айтылған тапсырмаларды орындау мақсатында: Дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту жөнінде 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды әзірлеп, бекітті. Бұл жоспар 31 тармақтан және 5 негізгі бағыттан тұрады. Бұл бағыттар: нормативтік құқықтық қамтамасыз ету; мектептік һәм студенттік спорт; спорттық жүйелерді кеңейту; СӨС насихаттау және тарату; спорттық-бұқаралық іс-шаралар.

Жоғарыдағы жоспар салауатты өмір салтын насихаттауды көздейді. Сонымен қатар, қоғам өміріне дене шынықтыру мен спортты енгізу; бұқараның дене шынықтырумен айналысуы және салауатты өмір салтына ұмтылысын қалыптастыру; халықтың барлық жас санаттары арасында дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамыту; балаларға арналан спорттық инфрақұрылымға қол жеткізу т.б. шараларды іске асыруға мүмкіндік береді.  

Бұқаралық спортты дамыту, сондай-ақ, дене шынықтыру және кәсіби спортпен шұғылданатындардың санын арттыру мақсатында, жасалып отырған  кешенді жоспарда бұқаралық спорт бойынша заң жобасын қолданысқа енгізу көзделген. Жекелей айтар болсақ, дене шынықтыру және спорт бойынша сабақтан тыс пәндер өткізгені үшін мұғалімдерге қосымша ақы төлеу; білім берудің барлық деңгейлі дене тәрбиесі сабақтарында ұлттық спорт түрлерін міндетті компонент ретінде оқыту; бұқараны спорт нұсқаушылармен қамтамасыз ету; өңірлерде дәрігерлік дене шынықтыру диспансерлердің жұмысын ұйымдастыру болып табылады.

Аталған құжат негізінде, барлық жас санаттарын дене шынықтыру спортымен жүйелі түрде айналысатын болдыру көзделуде. Яғни, жоспар бойынша 2025 жылға қарай барлық тұрғындардың кемінде 40% немесе 7,5 млн. адам бұқаралық спортпен шұғылдануы қажет. Бұл көрсеткіш 2019 жылы 30,6% немесе 5,7 млн. адам құрағанын ескерсек, жоғарыдағы өсім 1,8 млн. бірлікке көбейтілмек. Қазіргі таңда бұл құжат Парламен Мәжілісінің қарауында жатыр.

 – Президент Жолдауында экономиканың барлық саласын реформалау қажет екенін айтылды. Бұл науқан еліміз спорттына қалай әсер етуде?

 – Әрине, бұл науқаннан қазақ спорты тыс қалмайды. Орын алған экономикалық жағдайда шығындарды қысқарту мәселесі күн тәртібіне шықты.  Мемлекет басшысы бюджет шығындарын азайту мақсатында бірнеше рет мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік секторды қысқарту қажеттілігін атап айтқаны белгілі.

Бұрындары біздің министрлік республикалық Олимпиадалық даярлау орталықтарының сақталып қалуын, олардың қысқартуға ұшырамау мәселесін қозғап,  жыл  сайын Үкіметке бірнеше дүркін негіздеулер жасайтын еді. Өкінішке орай, биыл тек біздің ғана емес, бүкіл әлемнің жоспары түгелдей дерлік өзгерді. Коронавирус індеті өміріміздің барлық саласына әсер етіп, жаңа форматта жұмыс істеуге итермеледі. Еліміздің дене шынықтыру және спорт саласы осы жаңа өзгерістерге сай жұмыс істеуге мәжбүр.

 – Алда спорт саласын қандай өзгерістер күтіп тұр?

 – Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасын орындау мақсатында министрлік республикалық Олимпиадалық даярлау орталықтарының жұмысын оңтайландыруды қолға алынады. Осылайша, бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған 9 орталық 3 орталық болып біріктіріледі.

Атап айтқанда, біріншісі - Щучинск қаласындағы Олимпиадалық даярлау орталығы. Бұл теңдессіз спорттық нысанда – шаңғы-биатлон трассасы, 3000 орынға арналған шаңғы стадионы, шаңғымен секіру трамплиндері, дәрігерлік орталық, 200 адамға шақталған 4 жұлдызды қонақ үй, дайындық залы, бокс, ауыр атлетика, ойын залы мен бассейні бар.

Екіншісі – Нұр-Сұлтан қаласындағы олимпиадалық даярлау орталығы. Елорда да  еліміздің спорттық әлеуеті шоғырланған, сонымен қатар бұл жерде халықаралық талаптарға сай келетін Велотрек бар. Дәл осы спорт нысаны жанынан орталық ашу жоспарлануда. Велотрек көпфункционалды спорттық объекті. Оны бокс алаңы, дзюдо татамиі, гимнастикалық кілем, баскетбол не волейбол алаңына айналдыруға болады. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласында жеңіл атлетика манеж тұрғызылады. Бұл нысан дүниежүзілік жеңіл атлетика Ассоциациясының барлық талаптарына сай болады. Жуық арада бұл объект де аталған орталықтың басқаруына берілуі мүмкін.

Үшіншісі – Алматы қаласындағы олимпиадалық даярлау орталығы. Өйткені, бұл қала еліміздегі ең ірі мегаполис. Сондықтан,  оңтүстік астанада спорттық оқу-жаттығу жиындары көп өтеді. Айта кетсек, Алматы облысында Олимпиадалық даярлау базасы салынып жатыр, болашақта оны Олимпиадалық даярлау орталығының қарамағына береміз деген жоспар бар.

 – Жоғарыдағы оңтайландыруға ұшыраған орталықтардың мамандары жұмыссыз қалып қоймай ма?

 – Олай болмайды. Бірден айта кетейін, спортшылар мен жаттықтырушылар оңтайландыруға ұшырамайды. Әкімшілік-басқару персоналы орталықтандыру жүйесі бойынша қысқартылады. Осылайша, Орталықтарды біріктіру арқылы 125 штаттық бірлікті қысқартуды жоспарлап отырмыз.

 – Үнемделген қаражат қайда жұмсалады?

– Шамамен үнемдеу қаржысы жылдық есеп бойынша 500 млн. теңгені құрап отыр. Яғни, әкімшілік-басқару персоналдарын оңтайландырудан үнемделген бұл қаражат спортшыларды даярлауға, спорттық-бұқаралық шаралардың күнтізбесін кеңейтуге, мүкәммал, жабдықтар сатып алуға, жалпы материалдық-техникалық базаны жақсартуға жұмсалады. Ел Президентінің тапсырмасы аясында Орталықтарды оңтайландыру арқылы Ұлттық құрама командалардың құрамына мықты спорттық резервті дайындап, болашақ олимпиада чемпиондарын шығара аламыз.

Әңгімелескен Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «ЕҚ»

Көзі: https://egemen.kz/

Бөлісу: