Жаңалықтар
САЯБАҚТАҒЫ СЕРУЕН СПОРТҚА ӘКЕЛДІ.
САЯБАҚТАҒЫ СЕРУЕН СПОРТҚА ӘКЕЛДІ.
Аманат Оразбек триатлон спортымен айналысып жүргеніне алты жыл болды. Бұл спорт түріне келуінің өзіндік қызықты тарихы бар. Бір күні ол әкесімен бірге Астана қаласындағы «Триатлон» саябағында серуендеп жүрген болатын. Саябақтың ерекше атмосферасы мен атауы екеуінің де қызығушылығын оятты.
Серуеннен кейін әкесі бұл саябақ пен триатлон спорты туралы тереңірек білгісі келіп, интернеттен ақпарат іздей бастайды. Ізденіс барысында ол бұл спорттың маңыздылығы мен тартымдылығын байқап, Аманатты осы жолға бағыттады. Содан бері Аманат триатлонмен шұғылданып, түрлі жарыстарға қатысып келеді.
Аманаттың айтуынша, спорттағы ең қиын сәттердің бірі – таңертеңгі суық бассейндегі жаттығулар. Суық суға түсу – үлкен ерік-жігер мен шыдамдылықты талап етеді. Бірақ дәл осы сәттер оның нағыз спортшы ретінде шыңдалуына сеп болды.
Бұл жолдағы ең қиын сәттердің бірі – Аманаттың тізесінен алған жарақаты болды. Жарақаттың салдарынан ол толыққанды жаттыға алмай, жарыс алдындағы дайындық үдерісі бұзылды. Соның кесірінен Аманат Азия чемпионатында өз мүмкіндігін толық көрсете алмады. Бұл жағдай оның көңілін түсіргенімен, спортқа деген жігерін қайраттандыра түсті. Ол әрбір қиындықты – жаңа мүмкіндік деп қабылдап, жарақаттан кейінгі қалпына келу жолында аянбай еңбектенді.
Аманат жарыс алдында әрқашан жаттықтырушысының кеңесіне құлақ түріп, оның айтқанын мұқият тыңдайтынын айтады. Ол сондай-ақ өз күшіне сенетінін, жеңіске деген сенім мен еңбегіне сенетінін айтты.
2023 жылғы спорттық сайыс ең қымбат марапат. Аманат өзінің командасымен бақ сынап, 3-орын алғанымен, бұл сәт ең қымбат әрі бағалы болып қалды. Себебі, дәл осы жарыста ол «спорт шебері» атағын алған. Бірақ одан да маңыздысы – команда ретінде бірігіп, жақсы нәтиже көрсете алғанын айтты.
«Менің жаттықтырушым – Мұрат Темірбекович. Ол менің өмірімде жай ғана жаттықтырушы емес, одан да маңызды адам. Себебі, ол бізбен әрдайым жақсы тіл табысады, өмірлік ақыл-кеңесін айтып отырады, болашағымыз туралы жиі сұрап, қамқорлық танытады.
Ол — өз ісінің нағыз маманы, мен оның еңбегін жоғары бағалаймын. Ешбір жарыстан қалдырмай, барлық қажеттілігімізді — спорттық киімдер (экипировка), жиындар (сборлар), тіпті қаржылық қолдауды да ұйымдастырып, бізді жетістікке жетелеуде. Мұрат Темірбекович – нағыз үлгі боларлық тұлға», – дейді спортшы.
Аманат Оразбектің спортқа деген қызығушылығына қолдау көрсететіндер аз емес. Үйде – отбасы, мектепте – ұстаздары мен сыныптастары, ал спортта – командадағы достары мен жанкүйерлері. Қолдау туралы Аманат былай дейді: «Анам таңғы сағат 5-те тұрып, таңғы асымды дайындап береді. Біз қаладан алыста тұрсақ та, әкем жаттығуға уақытылы жеткізеді. Сыныптастарым кейде сабақты үлгермей жатқанымда көмектесіп жатады. Ал командадағы достарыммен бірге тұрған соң, бір-бірімізге бауыр басып, үлкен қолдау көрсетеді» – дейді спортшы.
Қазіргі таңда триатлон спортшылары Азия чемпионатына қызу дайындық үстінде. Аманат та осы жарысқа белсенді түрде жаттығуда. Ол болашақта әлем чемпионатына, Еуропа чемпионатына, түрлі халықаралық жарыстарға, тіпті Олимпиада ойындарына қатысуды армандайтынын айтты.