Республикалық жарыс өз мәресіне жетті

14.06.2024

Бүгін трансплантация жасаған азаматтар мен диалез еміне жүгінетін пациенттер арасындағы жарыстың жабылу салтанаты өтті. 1 аптаға созылған сайыстың қорытындысы жарияланып, жеңімпаздарға марапаттар табысталды. Төрешілердің шешімі бойынша дартс спорт түрінен Алматы қаласы ІІІ орынға ие болды. ІІ орын Астана қаласына бұйырса, І орынды Түркістан облысының спортшылары иеленді. 

Боулингтен маңғыстаулықтар ІІІ орын, Атырау облысы ІІ орын және Астана қаласы І орынды қанжығасына байлады. Теннистен өткен сайыстың қорытындысы мынадай: ІІІ орын – Астана қаласы, ІІ орын Түркістан облысы, ал І орын Ақтөбе облысының азаматтарына бұйырды.

Волейболдан түркістандықтар ІІІ орынға табан тіресе, шымкенттіктер ІІ орынға ие болды, І орын – қызылордалықтардың қанжығасында. 

Жалпы ойын бойынша Ақтөбе облысына ІІІ орын, Түркістан облысына ІІ орын және Астана қаласының ойыншыларына І орынның диплом, кубоктары табысталды. Жеңімпаздар мен барлық қатысушыларды құттықтап, зор денсаулық тілейміз!

Бөлісу: