"Астана арена" және "Сарыарқа" велотрегінің директоры: Бауыржан МҰҚАШЕВ: Клубтарды жекешелендіруге үрке қараудың қажеті жоқ

19.08.2014

Ұлт денсаулығының кілті болып саналатын саламатты өмір салтын кеңінен насихаттау – жергілікті биліктің басты міндеттерінің бірі. Мұны Президент Н.Назарбаев та «Әлеуметтiк-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында нақтылап берген: «Әкiмдерге халықтың денешынықтырумен және спортпен жаппай айналысуы үшiн спорттық инфрақұрылымдардың қолжетiмдiлiгiн кеңейту туралы мәселенi шешудi тапсырамын. Соңғы жылдары Астанада да, облыстарда да көптеген спорттық нысандар салынды. Оларға балалар да, үлкендер де бара алмайды деген шағым көп. Осы спорттық ғимараттардың бәрiн де қолжетiмдi ету керек. Адамдар спортпен айналысатын болсын». 

Рас, басқа қалаларды қайдам, бір қарағанға Елордада бой көтеріп жатқан спорттық нысандар аз емес. Жабдықталуы жөнінен де әлемдік стадиондардан кем түспейді. Яғни бұқаралық спортты дамытуда мемлекет аянып қалып жатқан жоқ. Тек сол спорттық нысандарда әлгінде айтылған қолжетімділік мәселесі қалай шешілуде? Көпшіліктің айтып жүргеніндей, алып кешендер расымен де қаңырап бос тұр ма? Осы және өзге де сауалдарымызға жауап алу мақсатында Астананың төрінен орын тепкен «Астана арена» және «Сарыарқа» велотрегінің директоры Бауыржан Мұқашевті әңгімеге тартқан едік. Бауыржан Өмірсерікұлының айтуынша, отыз мыңдық көрермен сыйдыратын алып аренада бос сағат жоқ, ал әмбебеп саналатын Республикалық велотректе жаттығу құнын, тіпті, қаладағы ең төмен баға десе болады.

– Бауыржан Өмірсерікұлы, алдағы аптада еліміздің түкпір-түкпірінен іріктелген апайтөс балуандар «Сарыарқа» велотрегінде бас қосып, «Қазақстан барысы» атану үшін күресетін болады. Айтулы додаға дайындықтарыңыз қалай? Әңгімемізді осыдан бастасақ... 

– Елбасы Н.Назарбаевтың жүлдесі сарапқа салынатын аламан бәйге «Сарыарқа» велотрегінде осымен қатарынан үшінші рет өткелі отыр. Алыптар айқасын тамашалағысы келетін көрермен жыл санап артып келеді. Тіпті, қазақ күресінен халықаралық жарыстар ұйымдастырылып, ұлттық спортымыз шетелдік мамандар тарапынан да жоғары бағасын алуда. Сондықтан көпшіліктің асыға күтетін сайысын тиісті деңгейде өткізуге қолымыздан келгенше біз де атсалысып жатырмыз. Бүгінде жоба авторларымен бірлесе отырып, қызу дайындық жұмыстары жүргізілуде. Дегенмен, әлгінде айтып кеткендей, мұндай дүбірлі додалар өткізуде бүгінге дейін едәуір тәжірибе жинақтап үлгердік. Соның арқасында әлем жұртшылығы тамашалауға мүмкіндік алып отырған биылғы «Қазақстан барысының» ұйымдастырылуы халықтың көңілінен шығады деп үміттенеміз. 

Біздің ұжым негізінен жастардан жасақталған. Ал жас мамандардың өз-өзін жетілдіруге, шыңдала түсуге, біліктілігін арттыруға қашан да талпынып тұратындығы анық. Мысалы, 21 маусым күні «EXPO-2017»жобасының туы Елордамызға ресми түрде тапсырылуына орай велотректе үлкен концерт өтті. 2017 жылы әлем назары Астанаға ауады десек, соның бастамасында біздің ұжымның үлесі бар екендігі ерекше қуантады. Тағы бір айт кетерлігі, Елордамыздың туған күні қарсаңында іс-шаралар саны арта түседі. Өйткені жас қаламызға тарту жасағысы келетіндер көп. Осы орайда қала әкімдігінің айтулы күнге арналған Гала-концертті «Сарыарқа» спорт кешеніне сеніп тапсыруы біз үшін үлкен абырой. Мұның өзі әмбебап спорт кешенінің мүмкіндігін аңғартып, ұжым жұмысына берілген жоғары баға дер едім. Жауапкершілікті сезінгендіктен де ұйымдастырушылардың ғана емес, қонақтарымыздың да қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, олардың жүріп-тұруында ыңғайластыру мақсатында қаламыздың Ішкі істер департаменті, Жол полияциясы басқармасымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. 

– Дегенмен көпшіліктің арасында қала күні қарсаңында болмаса, өзге уақытта «Сарыарқа» велотрегі де, «Астана арена» стадионы да қаңырап бос тұрады деген көзқарас қалыптасқан. Бұған қандай уәж айтар едіңіз?

– Елордамызда ұйымдастырылатын әлемдік деңгейдегі кез келген спорттық жарыстар міндетті түрде не велотректе, не «Астана аренада» өтеді. Сөзіме дәлел ретінде айта кетейін. Мысалы, жуырда велотректен Азия чемпионатының нақ біздің спорт кешенімізде жалауын желбіретуі де тегін емес. Естеріңізде болса, былтыр ауыр атлетикадан Азия біріншілігін өткізу құқығы да «Сарыарқа» велотрегіне берілді. Бұдан бөлек Бүкіләлемдік бокс сериясы аясында өнер көрсетіп жүрген «Астана арландары» клубының жартылай финалдық және финалдық кездесулері тұрақты түрде бізде ұйымдастырылады. Баскетболдан Ұлттық лига, сондай-ақ ВТБ біріккен лигасы аясындағы матчтарды да айтпай кетпеске болмас. Ал «Астана арена» стадионы – «Астана» және «Бәйтерек» футбол клубтарының, футболдан ұлттық құрама мен жастар құрамасының жаттығатын базасы. Өзіңіз ойлап көріңіз, аталған төрт топтың әрқайсысы 2 сағаттан жаттыққанның өзінде, күніне сегіз сағат қажет. Осыдан соң алаңды бос тұр деп қалай айтамыз?! Ұлттық құрамамыз бен әйелдер құрамасы әлем, Еуропа чемпионаттарындағы ойындарын да осы жерде өткізеді. Өткен жылы қазақ футболына серпіліс берген «Шахтер» футбол клубының алдымен Чемпиондар лигасының іріктеу, сонан соң Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі кездесулерін осы стадионнан тамашалағанын жанкүйер қауым ұмыта қойған жоқ шығар. Алдағы уақытта мұндай стадиондар Павлодар мен Қарағандыда салынады деп күтілуде. Алайда дәл қазірәлемдік стандартқа жауап беретін стадионның елімізде жалғыз екендігіне көз жетіп отыр. Мен қазір тек халықаралық деңгейдегі жарыстарды ғана тізбектеп шықтым. Әйтпесе, республикалық, қалалық сайыстар өте көп. Тіпті, қазақ спорт журналистикасының көшбасшысы С.Бердіқұлов атындағы турнирге қатысқан тілшілер қауымы да «Астана аренада» доп тепті. Санамалап көрсем, осыған дейін «Сарыарқа» велотрегінде 20 халықаралық, 50 республикалық сайыс өткен екен.

– Сонда мұндай сыңаржақ пікір қайдан шыққан?

– Бәлкім, мұндай пікірдің қалыптасуында біздің де кінәміз бар шығар. Бұған дейін қоғаммен ақпараттық байланыс төмен болған секілді. Қазір мұндай олқылықтардың барлығын жойып, велотректің ресми сайтын өркендетіп жатырмыз. Ендігі жерде кез келген интернет қолданушысы аталмыш спорт кешеніне қатысты соңғы жаңалықтарды velotrek.kz сайтынан таба алады. Халық «Хан шатыр» секілді ойын-сауда орталықтарындағыдай ағылып жатпаса, аталмыш спорттық нысандар бекер тұр деп ойлау дұрыс емес. Мысалы, құрамамыз «Астана аренаға» бір автобуспен келіп жаттығу жасаса, стадион жұмыс істеп тұр деген сөз. Ешбір команданың оқу-жаттығу жиындарына бөтен адамдардың қатысқанын қаламасы анық. Бұл ұжымдық даярлық құпиясын сақтау үшін қажет. Осыны ескере отырып, келісілген уақыт аралығында стадионды тек футболшылардың құзырына береміз. Ал мұның байыбына барып жатқандар аз. Соған қарамастан, мұнда «Қолсанат» шығыс жекпе-жек түрлері федерациясы бар. Қорғаныс министрлігінің жаттығу базасы да «Астана аренада» екендігін бірі білсе, бірі бейхабар. Сол секілді велотректе де спорттық секциялар жетерлік. Таеквондо федерациясы мен «Жұлдыз» көркем гимнастика мектебі де осында. Енді алдымызда жуырда құрылған Мүмкіндігі шектеулі жандардың даярлық орталығына орын тауып беру міндеті тұр. Кейбіреулер аталмыш спорттық нысандар бос тұр десе, ал біз жалға алушыларымызға орын жеткізе алмай далмыз. 

– Әмбебап кешеннің кәсіпқой спортшыларымыздың қалыптасуы жолындағы үлесі туралы сөз қозасақ... Велотректің олимпиадалық спорт түрлеріндегі басты жетістігі деп нені айтар едіңіз?

– Сочи Олимпиадасында шорт-тректен ұлттық құрамамыздың финалға дейін жетіп, төртінші орыннан көрінгені көпшіліктің есінде болар. Мәдіғали Қарсыбеков бастаған шорт-трекшілеріміз даярлық жұмыстарын велотрекке қарасты мұзайдында жүргізді. Жастарымызға көрсеткен көмегіміз болсын деп жаттығу кезінде жаппай сырғанауға толық шек қойдық. Соның нәтижесінде құрамамыз ақтық сынға алқынбай жетіп, спортта алар үлесінің бар екендігін дәлеледі. Лондон Олимпиадасында жеңіс тұғырына екінші рет көтерілген Илья Ильин де Олимпиада алдындағы жаттығуын «Сарыарқа» кешенінде өткізді. Спортшыларымыздың велотректі таңдауы бекер емес. Біздің ұтар тұсымыз «Сарыарқа» жабық қалашық секілді. Мұнда қонақүй де, дәмхана да, соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталған фитнес залы да бар.

– Әрине, Елордамызда мұндай әмбебап спорт кешенінің бары қуантады. Дегенмен сапалы қызметтің арзан болмайтыны да белгілі. Ендеше өзіңіз басқарып отырған спорт кешендеріндегі фитнес не үйірмелердің бағасы халыққа қаншалықты қолжетімді? 

– Тағы да сол стереотип. Әйтпесе, қаладағы ең арзан қызмет бізде деп сеніммен айта аламын. Мысалы, фитнесорталығына келушілерге бір реттік рұқсатнама әдетте 2000 теңге болса, «Қайырлы таң!» акциясы аясында таңғы сағат 9.00-ден 11.00-ге дейін бір рет кіру бағасы 500 теңге. Оған жаттығу залы, үш сауна, балалар мен ересектерге арналған бассейндер кіреді. Бұдан бөлек зейнеткерлер мен балаларға, студенттерге 50 пайыздық жеңілдік қарастырылған. Дүйсенбі күні мүмкіндігі шектеулі жандарға кіру тегін. Мұнымен де шектеліп жатқан жоқпыз. Жуырда ғана «VeloLife»акциясын ұйымдастырып, іс-шара соңында қатысушыларға жартыжылдық абонементтер берілді. Бір фитнеске келушілер саны күніне 500-ден асып жығылады. Ал үйірмелерге келсек, «Сарыарқа» спорт кешенінде №2 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Спортта дарынды балалар іріктеуден өтсе, БЖСМ-да тегін білім алады. 

– Жуырда велотректен Азия ойындары аяқталғандығын әлгінде айтып өттіңіз. Ал сары құрлық алпауыттарының трекке берген бағасы қандай? 

– Азиядан сайдың тасындай іріктелген велошабандоздар бірнеше күн бойы өзара мықтыларды анықтады. Біріншілік барысында Азия құрлығының үш, Қазақстанның екі рекорды жаңартылды. Осыған қарап-ақ тректің шетелдік мамандар тарапынан да жоғары бағаланғандығын түсіну қиын емес. Тіпті, инфрақұрылымы көш ілгері Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай елдерінің спортшылары да алаңымыздың сапасына ризашылығын білдіріп, ТМД елдерінің арасында оқ бойы озық тұрғанымызды атап өтті.

– Алып кешендердің толық жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін мемлекет бюджеттен аз ақша бөліп отырған жоқ. Ал осы нысандардан түсетін пайда шығынды қаншалықты өтейді?

– Аталмыш спорт кешендерінің негізгі мақсаты пайда түсіру емес: халықты саламатты өмір салтын ұстануға баулу, бұқаралық спортты дамыту. Дегенмен мемлекет бюджетіне ғана бағынышты болмас үшін біз де қолымыздан келгенше еңбек етіп жатырмыз. Қырып тастамасақ та, ірілі-ұсақты жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндігіміз жетеді. Сөзіме тұздық ретінде айта кетейін, Астана тұрғындарының арасында мониторинг жүргізу арқылы футбол алаңдарының жетіспеушілігін аңғардық. Әрине, көпқабатты үйлердің ауласында алаңқайлар жоқ емес. Тек халық санының күн санап артып жатқандығын ескерсек, шағын футбол алаңын салу туралы жобамыз көпшіліктің сұранысын қанағаттандырады деген үміттеміз. Мұнда жуынуға, киім ауыстыруға арналған бөлмелер болады. Тағы бір байқағаным, бізде көше спортына, яғни стрит воркаутқа көңіл бөлінбейді. Тіпті, скейтборд не шайтанарба теуіп жүрген жас балаларға да сын айтушылар көп. Міне, осыны ескере отырып «Астана арена» стадионының жанынан көше спортын серік еткен жастарға арнап алаң салуды жоспарлаудамыз. Бұл жобаларымызды білікті мамандармен және әлгі балалардың өзімен келісе отырып жүзеге асырамыз. Мұның бәрі негізінен «Астана арена» және «Сарыарқа» велотрегінен түсетін қаржыға салынып, халыққа тегін беріледі. Соның нәтижесінде жастардың спортқа қызығушылығын оятуды көздейміз.

– Бастапқыда «Астана арена» стадионы мен «Сарыарқа» велотрегінің орналасқан аумағын «тым шетте» деп сынаушылар көп болып еді. Бүгінгі таңда бұл көзқарас өзгерді ме?

– Аталмыш спорт кешендерінің құрылысы басталған тұста да, тіпті, қолданысқа берілгенде де қаламыздың сол жақ жағалауында тұратын тұрғындар саны көп емес-тін. Ал қазір Елордамыздың аумағы күн санап кеңейіп келеді. Көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Соның бірі әрі бірегейі – «ЭКСПО-2017». Осылайша бұл нысандардың нағыз тиімді жерде тұрғандығына куә болып отырмыз. Бұл – жоба авторларының көрегендігі деп білемін. 

– Мұндай алып кешендерді басқару оңай емес шығар. Осы тұрғыда инфрақұрылымы дамыған елдермен тәжірибе алмасу мәселесі жолға қойылған ба?

– Осыдан біраз уақыт бұрын Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Тастанбек Құтжанұлының кеңесімен Голландия астанасына барып қайттым. Мұнда «Аякс» футбол клубының базалық стадионы саналатын «Амстердам арена» бар. Танымалдылығы мен қонақтар саны жөнінен болмаса, жабдықталу жағынан Нидерландының басты аренасынан озық тұрмыз. Мұны спорт кешендерімізбен танысқан голландиялық мамандар да растап отыр. Ал жалпы бұқаралық спортты дамытуда «қызғалдақты елден» үйренеріміз көп. Амстердам тұрғындарының басым бөлігі көлік ретінде шайтанарбаны пайдаланады дегенді жиі еститінмін. Іс-сапар барасында бұған толық көз жеткіздім. Әңгіме барысында директорынан «Моторсыз көлікке қашан көштіңіздер?» деп сұрап едім, ол ойланып барып: «Аттан түстік те, велосипедке отырдық» деді. Бізге неге солай жасамасқа?! 

– Өткен апада Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаев Астанада 2017 жылға дейін 50 шақырымдық веложол салынатындығын хабарлады. Дегенмен қала көшелерінің тарлығын алға тартқан кей мамандар бұл жобаны жүзеге асыру қиынға соғады деп отыр. Ал сіздің пікіріңіз қандай?

– Астана секілді жас қалада веложолдар салу ақылға қонымды, қажет те. Ал «қиын» деп отырғандар әдетте кез келген бастаманы сынай қарайтындардың тобы ғой. Мысалы, Амстердамдағы көшелер Елорданың көшелерінен де тар. Бірақ қарсылық білдіріп жатқан жүргізушілерді де, жаяу жүргіншілерді де байқамадық. Керісінше, шайтанарбаны серік еткендер саны жаяу жүргіншілер мен көліктерден әлдеқайда артық. Жасы да, кәрісі де түгел қос дөңгелекті арбаны пайдаланады. Тіпті, шенеуніктерінің өзі жұмысқа велосипедпен қатынайды екен. Қарап отырып қызығасың. Жақсыдан үйренсек, несі айып?! Оның үстіне бас қаламыз да Нидерланды астанасы секілді жазық жерде орын тепкен. Бәзбіреулер моторсыз көлікке көшуге қысы ұзаққа созылатын Астананың ауа-райы мүмкіндік бермейді дейді екен. Мейлі, жылына 5-6 ай бойы велосипедпен жүрсек те жаман емес. Әйтпесе,«Жалқауға мың сылтау табылады» дейді ғой қазакем. 

– Өзіңіз күнделікті өмірде велосипедті қолданасыз ба?

– Мен де сылтау тапқыштардың қатарынанмын (күліп). Жұмыс, отбасы деп, әйтеуір саламатты өмір салтын ұстануға уақыт таба алмайтынмын. Дегенмен жуырда ғана ұйымдастырылған "VeloLife"велошеруіне өзім де қатысып, жалқаулығымнан сабақ алдым. Енді шайтанарба сатып алып, демалыс күндері отбасыммен бірге саябақты аралап серуендеуді, жаттығу жасауды әдетке айналдырамын деп шештім. 

– Осы ретте маман ретінде айтыңызшы, жарысқа келетін көрермен санын қалай арттыруға болады?

– Байқап қарасаңыз, «Қазақстан барысы» турнирінде ине шаншар орын болмайды. Бұл, бір жағынан, ұлттық спортымызды құндылық ретінде бағалай білуімізден десек, екіншіден, бағы жанған жанкүйердің үйіне автокөлікпен қайтуы себеп. Мысалы, шетелде бокс болсын, өзге ірі жарыстар болсын, көрермендер арасында жүлде ойнатылады. Яғни міндетті түрде шоу ұйымдастырылады. Сондықтан біздің федерациялар да шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, нәтижелі істен үлгі алса екен деп тілеймін. 

– Мамыр айының соңында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің өкілдері біраз мемлекеттік мекемелерді, соның ішінде үш футбол клубының қалталы азаматтарға берілетіндігін хабарлады. Сіздің ойыңызша, мұндай жекешелендірудің халыққа, экономикамызға пайдасы қандай? Алдағы уақытта спорт кешендері де жеке қолдарға тапсырылуы мүмкін бе?

– Жекешелендіруге үрке қараудың қажеті жоқ. Егер осы күнге дейін мемлекет бюджетінен қаржыландырылып келген нысандар қалталы азаматтарға берілсе және олар өз жауапкершілігіндегі мекемелердің тасын өрге домалатса, нұр үстіне нұр болар еді. Бірақ дәл қазір алып ғимараттарды сатып алуға келісе қоятындар табыла қоймас. Мысалы, велотректі алсақ, оның жұмыс істеуі үшін қаламыздағы шағын ауданның электр қуаты қажет. «Астана арена» да дәл сол секілді. Сондықтан ірі нысандар жеке қолдарға берілген күннің өзінде мемлекет бастапқыда қолдау көрсетуі қажет деп ойлаймын. Тіпті, «Амстердам аренаның» өзі жекеменшікке берілгенімен, мемлекет те тікелей бақылап отыратындығын айта кеткен жөн. Алдағы уақытта бұл тәжірибені біз де қолданып жатсақ, осы арқылы жеке кәсіпкерлерді тәрбиелеп қана қоймай, жалға берілген не сатылған объектілердің толық әрі тиімді жұмыс істеуіне де үлесімізді қосар едік. Ең бастысы, мемлекеттік мекемелер шетелдік бизнесмендерге берілмесе екен. Себебі, қаржы табуды көздеп келетін өзге елдің адамы қазақтың мүддесін ойлайды дегенге өз басым сене қоймайды.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен – Мәдина АСЫЛБЕК
alashainasy.kz

Поделиться: