«Астана» «Тобылды» өз алаңында екі рет тізе бүктірді

01.03.2018

Қыстың соңғы күндері елордада баскетболдан ерлер арасындағы Қазақстан чемпионатының Ұлттық лигасы аясында екі ойын өтіп, «Астана» БК және «Тобыл» БК додаға түсті. 

Бірінші ойын күні айтарлықтай тосын нәтиже тіркелген жоқ. Рас, бірінші онминуттықта қонақтар басым түсті – 23:17. Бірақ екінші кезеңнің ортасына қарай «Астана» көсіле сілтеп, үстемдік құра бастады. Ойынның бірінші жартысы 47:33 есебімен аяқталып, «Астана» алға шықты. Бұдан кейінгі екі кезеңде де астаналық команда басымдық танытып, аса қиналмай жеңіске жетті. Кездесу 107:69 есебімен аяқталып, «Астананың» мерейі үстем болды. 

Ең көп ұпай жинағандар: Ларри Гордон — 17 ұпай, Максим Марчук — 15 ұпай, Дмитрий Гаврилов — 14 ұпай. 

Екінші ойын әжептәуір тартысты және шиеленісті өтті. «Тобыл» бірінші минуттан бастап ел чемпионымен табан тіресе додаға түсіп, жанкештілік танытты. Бұған ойынның бірінші жартысының 41:51 есебімен аяқталып, қонақтардың алға шыққаны да дәлел бола алады. Осындай көпшілік күтпеген ұпай айырмасымен командалар үлкен үзіліске кетті. Кездесудің екінші жартысында «Астана» қамшыны басып, қарсыласын қуып жетті. Әрі таразы басын өзіне аударды. Матч 94:89 есебімен аяқталып, «Астана» жеңіске жетті. 

Матчтың үздік ойыншылары: Малкольм Грант — 19 ұпай, Максим Марчук және Анатолий Колесников команда қоржынына 14 ұпайдан салды. «Тобыл» сапында ең көп ұпай еншілеген: Антон Быков – 23 ұпай. 

«Астана» келесі ойынын өз алаңында өткізіп, 4 наурыз күні елорда баскетболшылары ВТБ Бірыңғай лигасы аясында Беларусь елінің «Цмоки-Минск» клубын қабылдайды.

Дереккөз: pbcastana.kz

Бөлісу: