ОЛИМПИАДАЛЫҚ ДАЯРЛАУ ОРТАЛЫҒЫ

«МЕНІҢ СПОРТТЫҚ ТАРИХЫМ» АЙДАРЫНДА —ТРИАТЛОННАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӘРЕЖЕДЕГІ СПОРТ ШЕБЕРІ ЕРЖАНОВА ДИАНА

26.06.2026

«МЕНІҢ СПОРТТЫҚ ТАРИХЫМ» АЙДАРЫНДА —ТРИАТЛОННАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДӘРЕЖЕДЕГІ СПОРТ ШЕБЕРІ ЕРЖАНОВА ДИАНА

Диана Ержанова – триатлоннан Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі.

Диананың спортқа деген қызығушылығы бала кезінен қалыптасты. Ол спортты өмір салтына айналдырған отбасында өсті. Спорттағы алғашқы қадамын жасауына әпкесі себеп болды. Денсаулығын нығайтып, жүзуді үйренсін деген ниетпен оны жүзу үйірмесіне алып барды.

Жаттығуды бастағаннан кейін бірнеше айдың ішінде-ақ Диана өзінің ерекше қабілетін көрсетті. Қалалық жарыстарда сәтті өнер көрсетіп, үздік спортшылардың қатарына енді. Оның дарынын байқаған жаттықтырушы Мурат Аубакиров  Диананы триатлон командасына шақырды. Осылайша оның кәсіби спорттағы жолы басталды.

Табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында Диана республикалық және халықаралық жарыстарда бірнеше мәрте жеңімпаз әрі жүлдегер атанды. Бүгінде ол халықаралық додаларда Қазақстанның намысын абыроймен қорғап келеді.

Жарысқа дайындық барысында Диана дұрыс тамақтану, сапалы демалыс және ұйқы режимін қатаң сақтайды. Сонымен қатар психологиялық дайындыққа да ерекше көңіл бөледі. Әр жарыс алдында ол жеңіске жетіп, мәреге бірінші болып келген сәтін көз алдына елестетеді. Осындай жағымды визуализация оған өз күшіне сенімді болып, жарысқа жоғары көңіл күймен шығуға көмектеседі.

Қазіргі таңда Диана спорттық шеберлігін тәжірибелі жаттықтырушылар Мурат Аубакиров пен Аслан Булатовичтің жетекшілігімен шыңдап жүр. Ол ұстаздарына әрдайым қолдау көрсетіп, сенім артқаны және кәсіби дамуына қосқан зор үлесі үшін шынайы алғысын білдіреді.

Бөлісу: