Жаңалықтар
Аргентина еліндегі ЖОО жеңісі
Қазақстандық велошабандоз Глеб Брусенский Аргентинада өтіп жатқан жасөспірімдер Олимпиадасында топтық жарыста бірінші келді.
Ол 63,9 шақырымдық қашықтықты 1:30:58 уақытымен жүріп өтті. Тағы бір спортшымыз Евгений Федоров 1:31:03 уақытымен сегізінші болып мәреге келді. Осылайша Глеб 100, Евгений 20 ұпай еншіледі.
"Жарыс қиын болды. Барлығы шабуылдауға тырысты. Біз бар күшімізді жұмсап, алға суырылып шыққысы келгендерді тоқтатуға ұмтылдық. Жарыстың соңына қарай Люксембург және Польша спортшыларымен алға шықтық. Бірақ польшалық тез шаршап қалып, Люксембург шабандозымен жақсы жұмыс істеп, топтап ұзап кеттік. Мәреде мен оған қарағанда жылдам болдым", деді Глеб Брусенский.
Евгений Федоров та жарыс туралы ойын білдірді.
"Алдымен мен алға суырылып шықтым. Одан кейін командаласым Глеб Брусенский сондай әрекет жасады. Ал мен болсам, топтың жылдамдығын бәсеңдетуге. Ол бірінші болып мәреге жетсе, мен шамамен алтыншы-жетінші болдым", деді Евгений Федоров.
Велошабандоздар әлі үш күн жарысады. Солардың қорытындысы бойынша жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпаздары мен жүлдегерлері белгілі болады.
Буэнос-Айрестегі жасөспірімдер Олимпиадасында велоспорт додасы жалғасуда. Топтық жарыста қазақстандық Светлана Пащенко мәреге бірінші болып келді.
Олимпиада ойындарында велоспортшылар кешенді түрде жарысуда. Бүгін қыздар арасында 63.9 шақырымға созылған топтық жарыс аяқталды. Қазақстандық спортшылар бұл сында сәтті өнер көрсетіп, Светлана Пащенко 1:41.20 уақыт көрсеткішімен топ жарды. Тағы бір спортшымыз Марина Курносова жарысты жетінші орынмен аяқтады.
«Бірінші келгеніме әлі де сене алмай тұрмын. Мәреге жақындаған тұста Жаңа Зеландиялық спортшымен бірге топтан қара үзіп кеттік. Кейін қарсыласымның өзін жақсы сезінбейтінін байқадым да, алға басып оздым. Бар болғаны осы ғана... Маған үлкен көмек көрсеткен командаласым Маринаға рахмет! Қазіргі көңіл-күйіміз тамаша!», - дейді Светлана.
Спортшылар кеше өткен жекелей сында неліктен сәтсіздікке ұшырағандарын да түсіндірді.
«Кешегі жарыс күнінде де жақсы нәтиже көрсететін мүмкіндігіміз бар еді. Алайда, бәсеке басталған бойда біраз уақыт жоғалтып алдық. Сол тікелей әсерін тигізді. Алда әлі жарыс күндері бар. Маунтинбайктан да өзімізді жақсы көрсетеміз деп ойлаймыз. Өйткені, маунтинбайк додасында да үздік үштікке енуге әлеуетіміз жетеді», - дейді Марина.
Айта кетейік, Светлана Пащенко өз қатарластары арасындағы әлем және Еуропа чемпиондарын да артта қалдырды.
Бүгін жеңіске жеткен спортшылар Қазақстан намысын абыроймен қорғап, намысты қолдан бермейтінін жеткізді.
Дереккөз: www.olympic.kz