Жаңалықтар
«Астана» өз алаңындағы алғашқы ойында «Локомотив» клубын жеңді
Дереккөзі: http://pbcastana.kz
«Астана» Президенттік баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасының биылғы маусымдағы өз алаңында өткен бірінші ойынында жанкүйерлерін қуанышқа бөлеп, Краснодардың «Локомотив-Кубань» клубын тізе бүктірді.
Ойын басталған бетте екі команда да «тізгін» тартпай, аянбай ойнап, алғашқы 10 минутта «Астана» да, «Локо» да бір-бірінен ұзап кете алмады. Рас, кезең соңында қонақтар айып добын мүлтіксіз орындап, соның арқасында 4 ұпай айырмасымен алға шықты. «Локо» екінші кезеңді де сәтті бастап, алаң иелерін тұсаулап ұстауға көшті. Әрі үш минут өтпей-ақ есеп айырмасын 10 ұпайдан да асырды. Эмиль Райковичтің шәкірттері таразы басын теңестіруге тырысқандарымен, матчтың бірінші кезеңінде қонақтарына ілесе алмады. Есеп – 42:54, «Локомотив» жеткізбеді.
Үзілістен кейін астана баскетболшылары қарқындарын үдетіп, бар күш-жігерлерін салды және есеп айырмасын тез қысқартты да. Әйтсе де, үшінші кезеңде қонақтарын қуып жете алмады, соңғы кезең алдында небәрі үш ұпай айырмасымен ұтылып жатты. «Локомотив» төртінші кезең басталған бетте тағы да құйындай орап соғып, есеп айырмасын қайтадан 10 ұпайдан асырып, ұзай түсті. Бірақ «Астана» жасымады, жанкештілік танытып, есепті қысқартуға кірісті. Матчтың аяқталуына үш минут қалғанда небәрі 1 ұпай айырмасымен ұтылып жатты. Енді бір минуттан кейін, әуелі есепті теңестірді, іле-шала бірінші кезеңнен кейін алғаш рет алға да шықты. Матч соңы шектен тыс шиеленісті болды. Тіпті бейне қайталауға жүгінуге да тура келді. Қателіктер көбейді. Десек те, қиын-қыстау мезетте біздің жігіттердің жүйкелері сыр бермей, олар Лигадағы азулы командалардың бірін ұтып, өте маңызды жеңіске қол жеткізді – 90:88 (21:25, 21:29, 25:16, 23:18).
Ойын екі ұжым үшін де оңай болған жоқ. Матчтың басынан аяғына дейін қонақтар алда болғанымен, «Астана» минут сайын өзінің намысты қолдан бермейтін жанкештілігін көрсете білді. Әрі бүгін жеңіске де жетті. Осы жеңісінің арқасында бірінші бестікке көтеріліп, «Локомотив», «Нижний Новгород» және ЦСКА секілді командалардың алдын орап кетті.
«Астана» келесі ойындарын түзде өткізеді. Астана баскетболшылары 15 және 16 қазан күндері Ақтауға барып, Ұлттық лиганың жаңа маусымдағы алғашқы ойындарын өткізіп, «Каспиий» клубымен додаға түседі. Ал ВТБ Бірыңғай лигасы чемпионатындағы келесі ойынын Мәскеу түбінде өткізіп, онда Эмиль Райковичтің шәкіртері жергілікті «Химки» клубымен кездеседі.
Фотосуреттер: http://pbcastana.kz