Жаңалықтар
ТРЕК ШЕБЕРЛЕРІ ҮШІН ТАБЫСТЫ ЖЫЛ
Тағы бір жылдың аяқталып қалған тұсы. Дәл қазір барлық сала мамандары өткен 12 айдың жұмысын қорытындылап, әртүрлі есептерді өткізумен әлек. Сол сияқты спортшылар үшін де бұл уақыттың маңызы ерекше. Жетістіктер мен жеңілістер, сәттіліктер мен сәтсіздіктер, жарқын сәттер мен жарақаттарды түгендеп, ойша таразыға салып көретін сәт келді. Өткен жылдың нәтижесімен салыстырады. Осы жылға құрған жоспармен сәйкестендіреді деген сияқты. Бұл тұрғыда отандық велотрек шеберлерінің ауыз толтырып айтарлықтай дүниелері бар. Әсіресе, елордадағы олимпиадалық даярлау орталығының шәкірттері ағымдағы жылы 70-ке жуық халықаралық жарысқа қатысқан. Нәтижесінде қоржынға 142 медаль түсті. Оның 37-сі алтын, 55-і күміс және қалған 50-і қола жүлделер. Айта кету керек, барлық көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда бір төбе жоғары.
Бұның барлығы бірер жыл бұрын қолға алынған ауқымды жұмыстың соңғы жемісі ғана. Саладағы мамандар отандық велотректің аяққа нық тұруына қатысты кешенді шараларды қолға алған еді. Яғни, қазір тәуір көрсеткішті қууға емес, сол көрсеткішке әкелер жағдай жасауға басымдық беріледі. Оның ішінде тас жолдағы және тректегі спортшыларды екіге бөліп, әрқайсысына арнайы жаттығу бағдарламасы құрылды. Бұрын орталық шәкірттері қос бағытты қатар алып жүретін. Ал, қазір дайындық жұмыстары әлдеқайда жүйеленген. Соның арқасында ә дегеннен көрсеткіштер де жақсара түсті.
- Әр спортшы өзінің қарым-қабілетіне келетін, өзін еркін сезінетін бағытты таңдауы қажет және сол жолда ғана тынымсыз тер төккені маңызды. Бұл тұрғыда олимпиадалық даярлау орталығының бастамасы сәтті болды. Шәкірттеріміздің көрсеткіштері жақсара түскенін бірден байқадық. Тректегі тартыста әр секунд, тіпті, сол секундтың бөлшектеріне дейін үлкен рөл атқарады. Спортшылармыз тас жолда да, тректе де шеберлігі шыңдала түсті. Оған халықаралық жарыстардағы нәтижелер дәлел. Бірақ, біз бұл жетістікке тоқмейілсімейміз. Спорт әлеміндегі соңғы әдістемелерді зерттеп, өзімізге қажетін алып отыруымыз қажет – дейді жасөспірімдер арасындағы ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы Иван Сиваш.
Соңғы әдістемелерге қатысты... Қазір спорт әлемінде спорттық медицина мен спорттық ғылымның алға жылжып кеткені соншалық, көптеген жарыста соның арқасында ғана топ жаратындар бар. Осы тұрғыда олимпиадалық даярлау орталығы да жаһандық көштен қалмауға барын салып жатыр. Орталықта арнайы дәрігер мен психолог жұмыс жасайды. Спортшылар тұрақты шетелдерде оқу-жаттығудан өтіп тұрады. Отандық мамандар біліктілігін жетілдіруге де ерекше назар аударыла бастады. Бұған қоса, дайындыққа қажетті құрал-жадық пен спорттық киім-кешекпен қамтамасыз ету мәселесі тағы бар. Осындай ауқымды әрі кешенді шаралардың арқасында отандық велотрек өз негізін нықтап қалыптастырды. Қазір жерлесерімізге құрлықтық және әлемдік деңгейде үлкен құрметпен қарайды. Оңайлықпен берілмейтін қарсылас ретінде біледі. Шеберлігіне жоғары баға береді.
- Бірте-бірте ел ішіндегі бәсекелестік күшейіп келеді. Бұрын тректегі жарысқа аса мән берілмейтін. Кейінгі кезде өңірлердегі бұқаралық сипаты артып, отандық спорттың деңгейін көтеруге түрткі болды. Соның арқасында ұлттық құрамаға мықты спортшылар келе бастады. Сәйкесінше, халықаралық дәрежедегі көрсеткіштер де жақсара түсті. Біздің орталықта олар 2 жыл болады. Яғни, 17-18 жас аралығында барлық білгенімізді үйретіп, кәсіпқой трек шеберіне айналдыруға тырысамыз. Жалпы отандық тректің даму бағыты дұрыс деп есептеймін. Егер осы қарқыннан таймасақ, алдағы бірер жыл көлемінде әр әлем чемпионатынан жүлдесіз қайтпайтын құрамаға айналамыз – дейді жасөспірімдер арасындағы ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы Иван Сиваш.
Елімізде велотрек Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды өңірлерінде жақсы бір жолға қойылған. Кейінгі кезде олардың қатарына Ақмола облысы қосылды. Андрей Чугай есімді спортшыны естуіңіз бар шығар. Міне, сол Андрей өңірдегі велотректің дамуына кәдімгідей дүмпу әкелді. Сәйкесінше, жоғарыда айтылған аймақтардың тумалары ұлттық құрама негізін құрайды. Спорттық бұқаралық сипатының жақсаруына байланысты олимпиадалық даярлау орталығына алынатын шәкірттер саны да артты. Мәселен, биыл бұл көрсеткіш 146 спортшыны құрады. Салыстырмалы түрде айта өтейін, өткен жылы 126 спортшы еді. Бұған қоса, кейінгі кезде қазақстандық қыздардың деңгейі жоғарылады. Бұрын бұл бағытқа көпшілік күмәнмен қарайтын. Бірақ, жерлестеріміздің соңғы жетістіктерінен кейін қазақстандық қыздар да шеберлік жағынан ерлерден кем түсейтініне көз жеткізуге болады. Олимпиадалық даярлау орталығының арулары халықаралық, құрлықтық және әлемдік додаларда ел намысын абыроймен қорғап жүр.
- Халықаралық федерация арнайы рейтинг жүргізеді. Сол тізімде алдыңғы 10-дыққа кіретін қыздарымыз бар. Мәселен, жекелей сында Кристина Титовская не Ақпейіл Өсім сияқты спортшыларымыз ойып тұрып өз орындарын алды. Сәйкесінше, оларға халықаралық жарыстарға қатысуға жол ашық деген сөз. Сол сияқты тректегі басқа бағыттарда да көрсеткішімізді жақсартып келеміз. Жалпы тректегі дайындық жұмыстары үлкен қаржылық қолдауды қажет етеді. Бұл тұрғыда ешқандай таршылық көріп жатқан жоқпыз. Үкімет тарпынан, құзырлы министрлік тарапынан барлық жағдай жасалған. Енді осыны тиімді пайдаланып, мықты спортшыларды дайындауымыз қажет. Өйткені, талантты әрі қабілетті спортшылар көп. Бірақ, шеберлік жетіспей жатады. Біздің мақсат – осы қос қасиетті ұштастыра білу ғой. Бірте-бірте мақсатымызға қол жеткізерімізге сенімдімін. Жақын болашақта әлем және олимпиада ойындарында лайықты өнер көрсететін қыздар шығарамыз - дейді жасөспірімдер арасындағы ұлттық қыздар құрамасының жаттықтырушысы Светлана Тарасова.
2019 жылы олимпидалық даярлау орталығының 25 шәкірті халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанды. 24 спорт шебері мен 96 спорт шеберлігіне үміткер тағы бар. Бұл да жоғарыда айтылған ауқымды шаралардың нәтижесі. Бұған қоса, елордадағы орталық велотректің бұқаралық деңгейде дамуына дүмпу әкелмек. Жыл сайын әуесқойлар мен балалар арасында өтетін жарыстарды былай қойғанда, 2019 жылы велоспорттан балалар арасындағы арнайы секция пайда болды. Яғни, 5,4,3, тіпті, 2 жастағы бүлдіршіндер де енді Нұр-Сұлтан қаласының төріндегі «Сарықарқа» велотрегінде шынығып, шеберлігін шыңдай алады. Орталық басшылығы осы жетістікпен тоқтап қалмайтындарын айтады. Бүгінге дейін 2020 жылдың жоспары нақтыланды. Енді осы бағыттан таймай, жеңіс пен жетістік жолын жалғай түсу керек.