Жаңалықтар
«МЕНІҢ СПОРТТЫҚ ТАРИХЫМ» АЙДАРЫНДА – ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКАДАН СПОРТ ШЕБЕРІ ЕГІЗБАЙ ШЕРХАН
«МЕНІҢ СПОРТТЫҚ ТАРИХЫМ» АЙДАРЫНДА – ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКАДАН СПОРТ ШЕБЕРІ ЕГІЗБАЙ ШЕРХАН.
Қазақстан Республикасының спорт шебері, жеңіл атлетикадан 18 дүркін Қазақстан чемпионы және 6 рет рекорд жаңартқан спортшы Егізбай Шерхан өзінің спорт жолының қалай басталғаны туралы баяндады.
Шерханның айтуынша, оның спортқа деген қызығушылығы 2018 жылы пайда болған. Сол жылы ол туған ағасының жеңіл атлетикамен шұғылданып жүргенін көріп, осы спорт түріне ерекше қызығушылық танытады. Алғашында жай ғана қызығушылықпен бастаған жаттығулар уақыт өте келе үлкен спортқа бағытталған мақсатқа айналды. Осылайша, Шерханның жеңіл атлетикадағы кәсіби жолы басталды.
Спортшының алғашқы жаттықтырушысы – Азизхан Камиржанов. Тәжірибелі бапкер жас спортшының бойындағы табиғи қабілетті байқап, оны түрлі жарыстарға қатысуға ынталандырған. Шерхан алғашқы кезеңде бірқатар қиындықтарға кезіккенін жасырмайды. Алайда жүйелі жаттығулар мен табандылықтың арқасында ол бұл кедергілерді еңсеріп, жоғары нәтижелерге қол жеткізе алды.
Жеңіл атлет ретінде жарыстарға дайындық арнайы жоспар негізінде жүргізіледі. Әрбір жарыс алдында жеке жаттығу бағдарламасы жасалып, соған сәйкес апталық және айлық дайындық жоспары құрылады. Мұндай жүйелі жұмыс спортшының физикалық дайындығын арттырып, жарыстарда жоғары нәтиже көрсетуіне мүмкіндік береді.
Егізбай Шерхан үшін ең қымбат әрі маңызды жетістіктердің бірі – 2026 жылдың 7 ақпанында Түркияда өткен халықаралық жарыстағы нәтижесі. Оның айтуынша, сол жарыста ол бір жылға жоспарланған спорттық көрсеткішін толық орындап, үлкен жетістікке қол жеткізген.
Қазіргі уақытта спортшыны екі жаттықтырушы дайындайды. Олар – Нұрлыбек Сұлтанов және Азизхан Камиржанов. Бапкерлердің кәсіби қолдауы мен жүйелі жаттығулары спортшының нәтижесін одан әрі жақсартуға ықпал етуде.
Шерхан үшін ең үлкен қолдау көрсететін жандар – оның отбасы. Әсіресе ата-анасы мен туған ағасының қолдауы спортшыға ерекше күш береді.
Алдағы уақытта Егізбай Шерхан халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, жүлделі орындардан көрінуді мақсат етеді. Сондай-ақ ол 2028 жылы Лос-Анджелес қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындарына қатысуды өзінің басты арманы мен жоспары ретінде атап өтті.
Қазақ спортында өз орнын қалыптастырып келе жатқан жас спортшы алдағы уақытта да ел намысын халықаралық ареналарда қорғауды көздейді.