Жаңалықтар
Қазақстан құрамасы Австралия баскетболшыларынан ұтылды
Баскетболдан 2019 жылғы Әлем чемпионатының Азиядағы іріктеу додасындағы соңғы ойындарын өз алаңында өткізетін Қазақстан құрамасы соның біріншісінде Австралия «бумерлерінен» есе қайтара алмады.
Соңғы екі ойынның алдында, «Ұлы дала арландарында» 2019 жылғы Әлем чемпионатының жолдамасына қол жеткізу мүмкіндігі болған еді. Бірақ ол үшін қалған екі матчта да жеңіске жету қажет болатын. Алайда осы екеуінің біріншісіндегі қарсыласымыз өте азулы құрама еді. Атап айтқанда, Азияның қазіргі чемпионы, қысқасы, баскетболы қарыштап дамыған ел – Австралия. Мәселен, австралиялықтар FIBA рейтингінде аса жоғары, 10-шы орынды, ал Азияда 1-ші орынды иемденіп тұр. Салыстыру керек болса, Қазақстан әлемде 70-ші, ал Азия құрлығында 13-ші орындарға орналасқан. Осы рейтингті ескерсек, Қазақстан құрамасының жеңіске жету ықтималдығы аса жоары емес еді. Оның үстіне, «Жасыл құрлық» өкілдері – біздің тобымыздың бірден-бір көшбасшысы.
Ойынға екі күн қалғанда «бумерлердің» құрамы белгілі болды. Бұл біздің құрама үшін жағымды жаңалық еді. Өйткені Астанаға Австралия баскетболының жарық жұлдыздары келген жоқ. Әйтсе де, бұған қарамастан, австралиялықтардың қарымды екеніне күмән келтіруге болған жоқ.
Егер де біздің құрама сапындағы өзгеріске тоқталар болсақ, онда бұл ретте, Энтони Клеммонстың ұлттық құрамамыздың сапында алғашқы ойынын өткізгенін, бөле-жара атап өтуге болады. Ал негізгі құрамдағы ойыншыларымыздың бірі Максим Марчук матчқа бір-екі күн қалғанда тобығын жарақаттап алып, бұл ойында хаттамаға тіркелген жоқ.
Толық ақпаратты nbf.kz сайтынан біле аласыздар.