VIII қысқы Қазақстан Универсиадасына орай баспасөз конференциясы өтті

10.02.2020

Бүгін. 2020 жылдың 10 ақпанында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының ұйымдастыруымен VIII қысқы Қазақстан Универсиадасына байланысты баспасөз конференциясы өтті.

20 ақпан мен 20 наурыз аралығында Әбу Насыр әл-Фарабидің    1150 жылдық мерейтойына орай өткізілетін VIIІ қысқы Қазақстан Универсиадасына 500-ге жуық студент қатысады деп күтілуде.

Қазақстан Универсиадасы 5 спорт түрінен (қысқы президенттік көпсайыс: 20-24 ақпан - Өскемен, керлинг: 26 ақпан -7 наурыз - Алматы, қысқы спорттық бағдарлау: 4-9 наурыз - Риддер, биатлон және шаңғы жарысы: 14-20 наурыз - Риддер) өтеді.

15.03 – салтанатты ашылу рәсімі (Риддер);

19.03 – салтанатты жабылу рәсімі (Риддер);

Универсиада нәтижесімен 2021 жылы 21-31 қаңтарда Люцернде (Швейцария) өтетін XXX қысқы Универсиада ойындарына Қазақстаннан қатысатын спортшылар белгілі болады.

Қазақстан Бүкіләлемдік универсиадаға 10 спорт түрінен қатысады деп жоспарлануда. ЖОО аз студенттер қатысатын спорт түрлері (сноуборд, тау шаңғысы, фристайл, шорт-трек, мәнерлеп сырғанау, хоккей) бойынша ҚР чемпионатында Бүкіләлемдік Универсиадаға іріктеу жүргізу үшін ҰҒПДТО, спорт федерациялары және Қазақстан Ұлттық студенттер спорт одағымен үш жақты келісімшарт жасалады.

«ҰҒПДТО» білім алушылардың Гимназиада мен Универсиадаға қатысуына қызығушылығын арттыру үшін ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, білім басқармаларының бағдарламасындағы іс-шараларда жеңімпаз болған оқушылар мен студенттерге халықаралық дәрежедегі спорт шебері, спорт шебері және спорт шеберіне үміткер атағын беру үшін ҚР Әділет Министрлігіне тіркеуге «Спорттық атақтар, разрядтар және біліктілік санаттарын беру қағидаларына» өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жұмыстар жүргізуде»,-деп атап өтті С.Мұстафаев.

Сонымен қатар, дене шынықтыру мұғалімдері өз шәкірттерінің халықаралық жарыстарда (Универсиада, олимпиада) нәтиже көрсеткен кезде 1-жаттықтырушы болып сыйақы алуы үшін Ақпараттық-талдау орталығымен бірлесіп оқушылар мен мұғалімдердің спорттық нәтижелер базасын құру мәселесін қарастыруда.

"Дене шынықтыру және спорт туралы" Заңға облыстық және қалалық, аудандық білім бөлімдерінде балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру клубтарын ашу туралы ұсыныстар енгізілген.

Естеріңізде болса, 2017 жылы Қазақстан ТМД елдері арасында алғаш рет Универсиаданы өткізген болатын. Қазақстан Универсиадаға 1993 жылдан бері қатысып келе жатыр. Осы жылдары 186 медаль иеленген (106-қысқы, 80-жазғы спорт бойынша).

Сондай-ақ, студенттер арасында волейбол спортын дамыту, халықаралық жарыстарға қатысуға студенттер құрамасын анықтау және жоғары оқу орындарының спорт клубтары арасындағы серіктестікті дамыту және байланыстарды арттыру мақсатында «ҰҒПДТО» Волейболдан «Қазақстан Студенттер лигасын» ұйымдастырады. Лига 5 турдан тұрады, FIVB халықаралық ережелері бойынша өткізіледі. І кезең 23 ақпанда басталады.

Бөлісу: