Жаңалықтар
Тыныс Ақанов: виртуалды әлемде өмір сүргендей болдық
Коронавирусқа қатысты қалыптасқан жағдай кім-кімге де оңай тимегені анық. Оның ішінде велоспортшылар да оның салқынын кәдімгідей сезінді. Жарыстар аяқасты өтпей қалды, оқу-жаттығу жиындары тоқтатылды, тіпті, көшеде дайындалудың өзі мұңға айналды (үй жағдайында ғана). Амал жоқ, барлығы дайындықтың онлайн үлгісіне ауысты. Бірте-бірте өзімді виртуалды әлемле өмір сүріп жатқандай сезіне бастадық, - дейді олимпиалық даярлау орталығының маунтинбайк бойынша аға жаттықтырушысы Тыныс Ақанов. Білікті бапкер жағдай уақыт өте оңалып келе жатқанын алға тартады. Қазір спортшылар толыққанды дайындыққа кірісіп, бұрынғы қалыпқа келудің қамын жасап жатыр. Тыныспен болған сұхбаттың толық нұсқасы төменде.
- Қалыптасқан жағдай (карантин) спортшыларыңызға қалай әсер етті? Жалпы сөздермен емес, нақты, кәсіби тілде айтып берсеңіз. (физикалық және психологиялық тұрғыда қалай, қандай техникаларды ұмыта бастаған, т.т.с)
- Расымен де, қалыптасқан жағдай біздің спортшыларға өз әсерін, нақты айтқанда, кесірін тигізді. Алғашқы уақытта ол аса білінбеген. Яғни, шамамен 2-3 апта балалар физикалық баптарын жоғалтпады. Бірақ, бірте-бірте карантин бәрібір өз дегенін жасады. Яғни, шәкірттерім физикалық тұрғыда да, моральдық тұрғыда да әлсірей бастады. Әрине, біз онлайн үлгідегі дайындықтар жүрігіп, жалпы физикалық жаттығуларды үзген жоқпыз. Ал, арнайы жаттығулар жасалмады. Біз кәсіпқой спортшыларды дайындаймыз. Сондықтан, кейінгісі де аса маңызды.
- Дәл қазір жағдай қандай? Спортшылар нендей дайындық жүргізіп жатыр? Жоспар қандай? Сосын қанша уақыт қажет толық бапқа келіп, халықаралдық жарыстарға шығу үшін?
- Иә, қазір жағдай салыстармалы түрде жақсы. Карантин тәртібі жеңілдетілгеннен кейін спортшылармыз тас жолға шығып, кәсіби дайындыққа ден қойды. Әрқайсының жеке жоспары бар. Соған сәйкес техника мен шеберлікті жетілдіріп жатыр. Толық бапқа келу үшін 35-40 күндей керек. Содан кейін ғана жарыстарға қатыса алады.
- Жарыстар кестесі белгілі ме? 2020 жылдың соңына дейін қандай байрақты бәсекеге қатысасыздар? Жалпы қатысасыздар ма?
- Жарыс кестесі жуырда ғана белгілі болды. Бірден айта кету керек, біз халықаралық жарыстарға қатыспау жөнінде шешім қабылдадық. Ал, ел ішіндегі додаларға барамыз. Оның ішінде қазан және қараша айларында бірақтар байрақты бәсеке бар. Ол бір жағынан балаларымыздың бабын бақылауға, басқа жағынан қатарымызға жаңа спортшыларды қосуға мұрындық болады. Яғни, ел чемпионатының үздіктері ұлттық құрамаға алынуы қажет. Шын таланттар тасада қалып қоймаса екен дейміз.
- Үй жағдайындағы дайындық пен залдағы дайындықтың айырмашылығы қандай?
- Бұл мәселеге жоғарыда бір тоқталғанмын. Егер ашып айтар болсақ, спортық залдағы дайындықтың жөні бөлек, әрине. Неге? Өйткені, спорттық залда арнайы құрылғылар бар. Біз кәсіпқой спортшыларды дайындаймыз. Сондықтан, әр бұлшық етке қажетті жүктемені спортық залда берген дұрыс. Ал, үй жағдайында бұндай мүмкіндік болмайды. Өтйкені, біреулер жер үйде, басқалары көпқабатты үйде тұрады.Басқа да факторлар жеткілікті. Бұның өзі дайындыққа әртүрлі әсер етеді. Бұған қоса, спортшы үйде көп нәрсеге алаңдап кетеді. Отбасы бар, жұмыстар бар дегендей. Тіпті, уақытылы және дұрыс тамақтану да жайына қалады. Бұның барлығы спорттық бапты жоғалтуға әкеліп соғады.
- Өзіңізге және басқа да жаттықтырушыларға карантиннің әсері қалай болды? Жұмыстарыңызға қандай кесірі тиді? (қысқарту, айлықты кесу дегендер болмады ма?)
- Қашықтан жұмыс жасау бастапқыда біртүрлі болды. Өйткені, бұрын-соңды басымызға түспеген. Бірақ, бірте-бірте оған да үйреніп алдық. Ең өкініштісі – карантин енгізілгеннен кейін жоспарланған жұмыстарымыздың бәрі өзгерді. Барлық мақсатты кейінге шегеруге мәжбүр болдық. Өзімізді виртуалды әлемде жүргендей сезіне бастадық (күліп). Өйткені, үнемі инернетте отырып, арнайы платформаларда жұмыс жасадық. Бұған қоса, күн сайын спортшыларға хабарласып, тапсырма бердік. Ал, енді айлығымызды кесу не жұмыстан қысқарту сияқты мәселелер болған жоқ.
- Ал, енді, керісінше, карантиннің пайдасы болды ма? Қандай негізгі ерекшеліктерін атап өтер едіңіз?
- Таяқтың екі ұшы болады дегендей, карантиннің де зиянымен қатар пайдасы да болды. Біз көбіне үйде отырмаймыз. Айлар бойы оқу-жаттығу жиындарына не жарыстарға кетіп қаламыз. Сәйкесінше, отбасымыздың, жақындарымыздың қасында болмаймыз. Карантин кезінде осы жағы жақсарып қалды. Яғни, өзіміздің жанұямыздың, балаларымыздың жанында болып, оларға көбірек көңіл бөлдік. Бұған қоса, карантин өз-өзімізді жетілдіруге мүмкіндік ашты. Яғни, бос уақытта түрлі материалдарды іздеп, кәсіби біліктілікті арттырдық. Арнайы курстарға қатыстық. Тіпті, ағылшын тілін меңгеруге де біраз уақыт бөлдік.
Сұхбаттасқан: Аслан Қаженов