Жаңалықтар
Аргентина елінде ІІІ жазғы жасөспірімдер Олимпиадасы ойындары өтеді
Бүгін «Сарыарқа» республикалық велотрегінде 6-18 қазан аралығында Аргентина астанасы – Буэнос-Айрес қаласында өтетін ІІІ жазғы жасөспірімдер Олимпиадасы ойындарына Қазақстан ұлттық құрамасын шығарып салу рәсімі өтті. Аталмыш жарысқа 206 елден 15-18 жастағы 3926 спортшы қатыспақ. Спорттың 32 түрінен медальдар сарапқа салынатын болады. Жарыс бағдарламасына тұңғыш рет брейк-данс, каратэ, скалолазание, роллер-спорт, жағажай гандболы және футзал енді.
Бүгінгі шараға Ұлттық Олимпиада комитеті мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, жаттықтырушылар мен спорттық делегацияның барлық құрамы қатысты. Жазғы олимпиада ойындарында 57 жасөспірім 22 спорт түрінен ел намысын қорғамақ ниетте. Отандық спортшылар жасөспірімдер олимпиадасының 41 лицензиясына қол жеткізді.
Сондай-ақ, Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан құрамасы атынан биылғы жылы Азия чемпионатында жеңіске жеткен 18 жасар боксшы Дамир Тойбай еліміздің көк туын желбіретпек.
Осы орайда, велосипед спортынан олимпиадалық даярлау орталығының тәрбиеленушілері Глеб Брусенский, Евгений Федоров, Марина Курносова, Светлана Пащенко байрақты додада сынға түседі.
Ойынның ресми ашылуы 6 қазан күні «Монументаль» стадионында, ал жабылу салтанаты 18 қазан күні өтеді.
Велосипед спортынан олимпиадалық
даярлау орталығының баспасөз қызметі